Жаңалықтар, Сөздің патшасы

Жәркен Бөдеш. Қысқа әңгімелер қиссасы

Мен көзі ашық, оқыған, тоқығаным бар мектеп директорының отбасында туып өстім . Әкем марқұм ауызекі жаяу әңгіменің хас шебері болатын. Көрген-білгенін көз көргендерін, естіген ертегі қиссаларды майын тамызып айтып отыратын. Ауыл аймақтағы өзі тұстас замандастары біздің үйге сол кісінің әңгімелері үшін жиналатын. Екі құлағым қалқиып, көкемнің тізесіне отырып алып аузымнан  сілекейім аққанша құнығып тыңдаушы едім. Мен өзімді құдды бір мың жылдық жеміс бағының ішінде жүргендей сезінетінмін. Әкемнің аузынан күзгі алманың хош иісіндей піскен сөздің жұпар лебі аңқып тұрушы еді, шіркін! Осы заманда ондай шалдар жоқтың қасы. Болса да сөзі шикі, әңгімесі шала, дүмбілез, құлақ құрышын қандырмайды. Көңілді тұшындырмайды, ұйқыны келтіріп, берекеңді қашырады. Есейе келе қара танып, хат оқи бастағанда бала кездегі әлгі әдет қазақ жазушыларының жазған, сызғандарын оқуға ұласты. Әңгімеге құштарлығым соншалық таныс, бейтаныс қаламгердің шағын әңгімелерін көрсем болды бассалып оқып тастайтын болдым. Осы  күнге дейін бір кісідей оқып келемін. Әлі де оқи түскім келеді де тұрады. Қаншасын адақтағанымды санап беру мүмкін емес. Тіршілігі қым-қуыт құмырсқының санына кім жетіпті, тәйірі. Көбі ұмыт болды. Есімде қалғаны шамалы. Ең алғашқы оқығаным шағын әңгіменің хас шебері Би ағаң (Бейімбет Майлин) «Арыстанбайдың Мұқышы» осыншалық қарапайым, осыншалық қысқа шығармаға адам сынды алып, күрделі табиғаттың ішкі, сыртқы пошымы қалай сыйды екен. Ішіне үңілсең тұңғиық көгіодір иірім, сыртына қарасаң мысқылға бөккен іс-қимыл. Күлеріңді де, жыларыңды да білмейсің. Бертін келе Қабдеш Жұмаділовтің «Қаздар қайтқанда», Тынымбай Нұрмағанбеттің «Қауын иісі», Дидахмет Әшімхановтың «Сары атанын» оқыдым. Аталған жазушылардың өміршең туындылары олардың ізің басып келе жатқан жас буынға үлгі-өнеге болып келе жатқанын кештеу болса да түсіндім. Ойлап қарасам, шағын әңгіме проза жанрының тал бесігі тәрізді екен. Оған бөленген сәби тербеткен сайын есейіп, есейген сайын жұмырлана, шымырлана түсетіндігіне зәредей күмән келтіре алмайсың. Мұны айтып отырғаным тәуелсіздіктен кейін қазақ прозасының алыс көкжиегінен әңгімеше біршоғыр жас талапкердердің сұлбасы айқын көріне бастады. Олардың арасында әдебиетіміздің арғы-бергі тарихың қанық білетін, әлем ойшылдарынан мол хабары бар, білікті, білімділері санаулы болса да бар екенін мойындауымыз керек. Солардың бірі жас қаламгер – Қойшыбек Мүбаракұлы. Оның есімін мерзімді баспасөз бетінен жиі-жиі ұшырататын болдым. Бастабында шағын прозаларың ұйқасты меңзеген, формасы өзгешелеу ақ өлең бе деп ойлаған едім. Бара-бара болмыс, жаратылыс әңгімеге бейім дүниелер екендігіне көзім жеткендей болды. Оның жуырда жарияланған («Шетел әдебиеті» газетіне) «Суретші» атты балғаның сабындай қысқа да жұмыр шығармасы менің көңілімді елең еткізді. Елемей кетуге ерік бермеді. Тілі жұтынып-ақ тұр. Бейберекет артық сөзі жоқ, ойы ширақы, қиялы қисынды, сезімі селкеусіз, айта қаларлықтай осы заман әңгімелерінің бірі. Бар-жоғы осы ғана. Әңгіменің ұзын ырғасы мынадай. Суретші мыс табақтың бетіне сызылған айдай сұлу ханшаның суретіне ғашық болып, оны қайталап сызып жан бітіреді. Ақыры, өзіп қыздың бұрынғы жігітінің қолынан мерт болады. Қысқалығына қарамастан діттеген жеріне жеткен. Суретшінің таңғажайып шеберлігі, өмірге қайта оралған айдай арудың жан сұлулығы, оған өлердей ғашық жігіттің оқыс қимылы, қызғаншақ мінез-құлқы әжептәуір ашылады. Өнер шіркіннің өмірлік құндылығы оқушыны ойландырады, толғандырады. «Өлген тіріледі, өшкен жанады екен» дегізеді. Бұдан артық не керек? Жазушы Ә. Кекілбаев бір сұхбатында былай дейді: «Адамдардың әсер, түсінігіне, ой-сезіміне, парасат, құлқына, іс-әрекетіне әсер ету арқылы тіршілікті де өзгерткісі келетіндер сөз құдіретіне жүгініп, қолына қалам алады ғой деп білемін»Қойшыбектің шағын-шағын туындыларынан осы бір шыңдықтың ұшқыны көрінгендей болады маған. Жас жазушы аңыз-әпсана, қиял-ғажайып ертегілерді кейіпкерлердің, заманның қат-қабат шыңдығын ашуға ұтымды пайдалана біледі. «Қобыз», «Мәңгілік сауға» осындай дүниелер… Қойшыбек қысқа жазады. Бірақ, қысқартып жазбайды. Бүтін болмысты бөліп, жарып, жонып, жаңқалай бермейді. Аз сөзге көп мағына сыйғызғысы келеді. Мұнысы құптарлық ізденіс. Қысқалық – шеберліктей табыс. Жеміс ағашының бұтағы қнгшалықты көп болса да, діні біреу, тамыры сан тарапта болғанымен бойы аласа келеді. Айтайын дегенім, ондай қасиетті ағаштар бұтаққа бай болса да барлық жеміс атаулыны бір басына өсіре алмайды. Бір бұтағында алма, бір бұтағында апельсин, бір бұтағында алмұрт, бір бұтағына жейде өсіп тұрған әмбебап ағашты көрген емеспін. Ізденгіштіктің жөні осы екен деп солай сурет салғысы келетіндерге таным бар. Оларға ешкім де сенбейді. Ондай ізденісті де табиғатты мүлде түсінбегендіктен қолданғандай. Мұны айтқанда мен тек қысқа әңгімелер ғана көркемдіктің шырқау шыңына шығара алады дегеннен аулақпын. Қысқа әңгімелерге бергісіз ұзақ әңгімелер де бар ғой… Әйтсе де ұлы жазушылардың тәжірибесінен осындай бір ақиқатты аңғарар едік. Мәселен: Александр Дюманың мына бір тұжырымына көңіл аударып көріңізші. «Әр ісіне болымсызтақырыптан келелі қорытынды шығармақ болу тым күпірлік, тым астамшылық болар. Десек те, біткен дүниенің бәрі зәредейден басталады. Бала кішкен болғанымен , ол болашақтың үлкені. Бастың шанағы кішкене болғанымен , оған шексіз ой, қадір сияды. Көз қарашығы тардай болғанымен, кең әлемді көреді. »Байқап оырған шығарсыз, қазақша айтқанда түйедейден түймедей түйін түй деген ғой… Қойшыбек тілді жақсы біледі. Тілдік қоры өзі тұстастардан әлдеқайда мол. Сөйте тұра, тіл білгендігі үшін оны төгіп-шашып ысырап қылмайды. Шамасы келгенше үнемдеп қолданады. Біздің халқымыздың тілде буын жоқ дегені рас. Бірақ ол нәзік тал емес, қалай болса солай ие беруге көнбейді. Тілдің бір мағынасы – сөз, оны орнын тауып қолданбасаң күлкіге қаласың. Орынсыз қолданған сөз- олақ әйелдің жамауындай керексіз болып қалады. Сөз әлемі – тұңғиық, сырлы әлем. Құпиясы көп, күрделі әлем. Әрбір сөздің өзіне тән үн-әуезі, мінез-құлқы, сыр-сипаты бар. Ең ыстық, жалынды деген сөздің астарында адам шыдатпайтын ақ кірпік аяз жатуы мүмкін. Ең суық, ең салқын деген сөздің өзегінде маздаған от, лаулаған жалын ұйытқып жатуы мүмкін. Ең жуас, ең қарапайым деген сөздің шыңырауында дауыл ойнап, найзағай жарқылдауы мүмкін. Тіл демекші, Қабдеш Жұмаділовтей ағаларымыздың тілі ұршықтай үйіріліп тұратын жазушылардың қатары тым сиреп барады. Мен соған өкінемін. «Тілдің қажеті шамалы» дейтіндер бар. Олар қателеседі. Тілге ұлы жазушылар өте сақ болған. Қара нандай қасиет тұтқан. Әрбір сөздің астарына, мәніне екі шұқып, бір қараған. Тілді бұзғандарға дінді бұзғандардан бетер өшпендікпен шүйлігісіп, қателігін кешірмеген. Толстойдың мынадай үкімін естігенім бар: «Егер мен патша болсам, онда жазушы атаулы тілді қолданған кезде оның мағынасын, тіпті өзі де түсінбейтін болса, оның жазу құқығы тартып алынсын және жүз қамшы дүре соғылсын деп жарлық шығарған болар едім. »Сөзімізге тиек болып отырған қысқа әңгімелер ғой, егер Қойшыбек осы алған бетінен жаңсақ болып кетпей жатпай-тұрмай еңбек етсе, тынымсыз ізденсе түбі осы саланың сенімді сарбаздарының бірі болатынына күмән келтірмеймін.

7 comments on “Жәркен Бөдеш. Қысқа әңгімелер қиссасы

  1. Иә, Қойшыбек ағайдың әңгімелері алыстан орағытып, көп сөзді сарп ететін бәзбір қаламгерлер сияқты емес, қысқа да нұсқа, ұғынықты екенімен ерекше.

  2. Қойшыбек Қазақстанға келіп қор болып жүр ғой шіркін, егер өз туған жерінде жүрсе қаны жерге тамбайтын жұлдызды, ел сыйлаған, қадір-қасиеті бағаланған іргелілікке ие болып жүрер еді…

  3. Қойшыбекті сонау 47 жылдан бері білем, басында мектепте мұғалім болып жүрді ғой. Кейін газеттерге әңгімелері шыға бастады. 50 жылдары Ғафу, Қалижан, Қойшыбек бәріміз іс-сапармен Батыс оьлыстарға барғғанымыз есімде. Ол кез тың игеру науқанымен тұспа-тұс келген шақ еді.

Пікір үстеу